Ақтүтек ақпан: бұл айда ауа райы қандай болады?

Ақтүтек ақпан: бұл айда ауа райы қандай болады?
Фото: elements.envato.com

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақпанның алғашқы онкүндігінде республиканың оңтүстік тұрғындарын жылы және жауын-шашынды күн райы күтеді.

Оңтүстік циклондардың жиі шығуы қатты жауын-шашынның түсуіне алып келеді, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде -2+5 градусқа дейін, күндіз +5+12 градусқа дейін жоғарылайды.

"Алғашқы онкүндіктің аяғында қайтадан түнде -3-15 градусқа дейін, күндіз 0,+8 гардусқа дейін салқындайды. Еліміздің батыс аймақтарына солтүстік-батыс циклонмен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтардың тұрғындарын ауа райының тұрақсыз сипаты, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел күтеді. Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5 градус шегінде болжанады.

Қазақстанның қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің алғашқы жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жаууы, бұрқасын, желдің күшеюі секундына 15-25 метрге дейін болжанады", - делінген синоптиктер болжамында.

Ауа температурасы қай аймақтарда жылынады?

  • еліміздің солтүстігінде түнде -20-28 градустан -15-20 градусқа дейін, күндіз -8-18 градустан -5-10 градусқа дейін;
  • орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28 градустан -7-15 градусқа дейін, күндіз -7-12 градустан -1-7 градусқа дейін ауытқиды;
  • еліміздің шығысында ауа температурасының басым фоны түнде -15-28°С, күндіз -5-15°С шамасында болжанады.

"Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1 градус жоғары болады деп күтіледі.

Биылдың ақпанында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжанады.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа райы тұрақсыз болуы мүмкін деп болжанады: еліміздің басым бөлігінде негізінен қарлы бұрқасын, оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ", - деп жазған "Қазгидромет" мамандары.

Ауа температурасы қай аймақтарда ауытқуы мүмкін:

  • еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25 градустан -7-15 градусқа дейін, күндіз -5-10 градустан -5+5 градусқа дейін;
  • республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30 градустан -10-15 градусқа дейін, күндіз -10-15 градустан -2-7 градусқа дейін;
  • ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18 градустан 0,-5 градусқа дейін, күндіз 0,-5 градустан +3+10 градусқа дейін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget