Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, театр және кино актрисасы Тамара Қосыбаева өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақ мәдениетінің бір көбесі сөгілді. Театрымыздың аяулы анасы болған, халқының қалаулысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, театр және кино актрисасы Тамара Өкіметқызы Қосыбаева 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Аса қадірлі тұлға өлшеулі ғұмырын саф сұлу театр өнеріне арнап, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдар жемісті қызмет етті. Театр сахнасында актриса сомдаған Буратино, Әлия Молдағұлова, Күлпаш, Айбала сынды қайталанбас кейіпкерлері көрермен жадында мәңгі сақталмақ. Ғұмырын өнерге арнаған ғазиз жанның қазасы күллі қазақ өнерінің қабырғасын қайыстырып отыр.
Театр ұжымы марқұмның отбасына, жақындары мен туыстарына, күллі қазақ жұртының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Жарқын бейнеңіз жадымыздан ешқашан ұмытылмақ емес", - делінген хабарламада.