Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова шабуыл жасалғанын растады

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова шабуыл жасалғанын растады
Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сот ісінен кейін шабуыл жасалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Шабуыл жасалды! Кеше Түркістаннан Алматыға ұшаққа отырғанда бәрі тыныш еді. Бір жарым сағат әуе жолда интернет болмайтыны түсінікті. Жерге қонған бойда хабарлама келді: "10 аккаунттан шағым түсіріліп, сіздің инста-парақшаңыз бұғатталды" деген. Мен шұғыл командама хабарласып, парақшаны қайтаруды тапсырдым. Бұл біз үшін қиын емес. Бұған дейін маған анонимді түрде талай шабуылдар жасалған. Әсіресе соңғы уақытта", - деп жазды ол. 

Актриса өзін қорқытқысы келетіндерге әлеуметтік желі арқылы қатаң ескерту жасады. 

"Ескертемін! Мұндай әрекетпен мені қорқыта алмайсыздар! Инстаграмнан басқа YouTube, Facebook, TikTok, Telegram, одан қалса, ресми БАҚ, телеарналар мен сайт басылымдары бар екенін ұмытпағайсыздар!", - деді ол. 

Жұлдыз Әбдікәрімованың айтуынша, қазір ресми шағым түсіріліп, мән-жай анықталып жатыр. 

"Осыдан кейін екінші парақша ашамын деп шештім. Барлығын алдағы уақытта хабарлаймын. Ал сот мәселесіне келсек, соңына дейін баратынымды қайталап айтамын. Ешқандай лауазымды, билік басындағы адамдардың араласуы мені тоқтатпайды! Сондай-ақ бірінші, екінші отырыста қаралмаған дәлелдер үшін де жауап талап етемін!", - деп мәлімдеді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында жеңіліп қалған Жұлдыз Әбдікәрімова сот шешімімен келіспейтінін айтып, наразылық білдірген болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Ибраева