ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Мәдениет министрлерінің форумы өтіп жатыр. Жиынға ұйымның атқарушы директоры Одрэ Азуленің шақыртуымен Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысуда.
"Қоғамдық мәдениет әлеуметтік және қала өзгерісінің қозғаушы күші" атты сессияға қатысқан министр еліміздегі мәдениет саласының маңызды бағыттары мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" Жолдауы аясында аталған сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды", - деп жазды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, министрлік басшысы елімізде БҰҰ-ның тұжырымдамасына сай туризмді дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау және тарихи ескерткіштерді қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтты. Сөз соңында ол ЮНЕСКО-ға мүше елдерді Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында өтетін мәдени, ғылыми-танымдық іс-шараларға белсене қатысуға шақырды.
Ақтоты Райымқұлова форум аясында өткізілген бірнеше іс-шараға қатысты. Олардың бірі – "Индиго бояуының ізімен" атты халықаралық көрмеде Айжан Бекқұлова мен Тамара Кәпқызының киіз басу өнері кеңінен таныстырылды.