Ақтөбенің шетіндегі шағынаудандарда жылан қаптап кетті. Бауырмен жорғалаушылар көп қабатты үйлердің ауласын жайлап, балалардың ойын алаңын да басып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар жыланнан қорқып, күндіз аулаға шығудан қалған. Олар "күн қызған кезде аяқ астынан жылан қаптап, еркін жүруден қалдық" дейді. Әсіресе, балаларына алаңдайды. Ойын алаңындағы құмдауыт жер бауырмен жорғалаушылардың жайлы мекеніне айналған.
Тұрғындар әкімдіктен бастап, түрлі мекемелерге айтып дабыл қағыпты. "Ордалы жылан жайлап алды" деген қорқынышын да жеткізген. Бірақ түсі суық жыланнан әзір ешкім зиян шеккен жоқ. Тұрғындар ырым-нанымға байланысты жыланды улап өлтіруге қорқады.
"Ауламызға жылан кіреді, жолда да жүреді, арасында басып кетеміз. Есі кірмеген кішкентай балалар жүгіріп барып ұстап алғысы келеді. Жылан жылы ауламызда жылан қаптады. Былтыр жолда көретін едік, биыл ауламызға кіріп алды", - дейді жергілікті тұрғын Баян Әжіғалиева.
Ал мамандар бұл жыландар улы ма, жоқ па, оны әлі тексермеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз