Ақтөбелік тұрғын жолды өзі жамап жүр - видео

Ақтөбедегі басты мәселенің бірі - жол. Тұрғындар шұрық-тесік жолдан әбден шаршаған. Жергілікті әкімдіктен күдер үзген тұрғынның бірі жолды өзі жөндеуге кіріскен. Әлеуметтік желіде күрекпен жолдың шұрық-тесігін жамап жатқан ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видео Instagram-дағы жергілікті парақшаның бірінде жарияланды. Видеода қолына күрек ұстаған адам жолдың тесігін жамап жатыр. Ал видеодағы жазбада бұл Заречный көпірі екені, ер адам азаматтың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің жұмысын өзі атқарып жатқаны жазылған.

Желі қолданушылары видеоға түрлі пікір білдіріпті. Бірі тұрғынды әкім қылу керек екенін айтса, енді бірі жол сапасы сын көтермейтінін жазыпты.

Бұл мәселе бойынша Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиевке хабарластық.

"Әлеуметтік желідегі Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолындағы көпір. Көпірдің беткі қабатында ақаулар бар. 2022 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл көпірдің үстіндегі асфальтты-бетон қабаты жобаға сәйкестендіріп, қайта жаңартылады. Кезінде мердігер мекеме асфальтты-бетон қабатты технологияға сай салмаған. Жалпы көпірдің конструкциясына қатысты мәселе жоқ. Тек беткі қабатында ғана ақаулар бар", - деді басқарма басшысының орынбасары.

Рүстем Төреғалиевтың айтуынша, қазір құрылысты жүргізу үшін ауа райы қолайсыз. Күн жылынған кезде жұмыс бірден басталады. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады.

К.Сексенбай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!