Ақтөбе қаласының №2 сотымен өрт қою арқылы бөтеннің мүлкiн қасақана жойды деген айыппен сотта жауап берген Е-ге қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылдың шілде айында сотталушы Е. жұмыс кезінде, әріптесі И-мен араларында кезекті еңбек демалысын бермегені үшін жанжал туған. Бұған жауап қайтару мақсатында басшысының пәтерінің қосымша кілті бар екені есіне түсіп, мүлкін қасақана бүлдiру ойы пайда болған. Өзінің қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу үшін И-дің үйіне таксимен барып, өзінде болған қосымша кілттің көмегімен ашып кіріп, пәтер ішін аралап, тексеріп болған соң, жатын бөлме есігінде ілініп тұрған джинсы шалбарын, өзімен бірге алып келген оттықпен тұтатып жағып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен қатар, жәбірленушінің жауабымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, өрт-техникалық сараптама қорытындысымен және іс құжаттарына тіркелген басқа да дәлелдемелермен расталады.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот сотталушының жас балаларының болуын, жасаған қылмыстық іс-әрекетіне шын жүректен өкінуін, кінәсін толық мойындағанын, қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеуін ескереді.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот үкімімен соттаушы Е. кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жәбірленушінің талап-арызы шығынның өтелуіне байланысты өзінің өтініші бойынша қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!