Ақтөбелік танымал спортшы бақытты отбасы болудың құпиясын айтты

Ақтөбелік танымал спортшы бақытты отбасы болудың құпиясын айтты
Фото: Жеке мұрағат

Ақтөбеде отбасылық құндылықты насихаттап, спорттық саланы жандандырып жүрген Отарбаевтар отбасы көпке үлгі. Отбасының барлық мүшесі дзюдомен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбелік дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Саламат Отарбаевты жұртшылық спортшы ретінде жақсы біледі. 2008 жылы Бейжің олимпиадасына қатысқаны да көпшіліктің есінде. Ал қазір Саламат отбасымен бірге осы спорт түрін дамытуға үлес қосып жүр. Саламаттың жұбайы Алма Жарманова да дзюдодан спорт шебері. Жарасымды жұп қазір бес баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Екі ұлы мен қызы да осы спорт түрімен шұғылданады. Былтыр спортшы дзюдо академиясын ашты. Қазір бұл жерге балалар  4 жастан бастап қабылданады. Қазір 105 бала жаттығып жүр.

"Төрт балам дзюдомен шұғылданады. Үйде соларға арналған кішігірім спорт залымыз болды.  Ойлана келе өзге балаларды спортқа баулып, дзюдо күресін үйреткіміз келді. Осылайша дзюдо академиясын аштық. Шүкір, балалардың ынтасы өте жоғары. Әлемде бұл спорт түрімен 186 мемлекеттің халқы шұғылданады. Олимпиадалық спорт түрі болғасын сұраныс көп. Ақтөбенің өзінде 30 шақты клуб бар. жалпы баланы спортқа берген ата-ана ешқашан ұтылмайды. Себебі спорт баланы тәртіпке, жауапкершілікке  үйретіп, лидерлік қабелтінің шыңдалуына септігін тигізеді. Спортпен айналысқан баланың жағымсыз әдеттермен айналысуға мүмкіндігі болмайды. Ата-ана баласы 16-17-ге келген кезде  "қайда жүр" деп уайымдамайды. Себебі спорт адамды жақсыға тәрбиелейді", - дейді Саламат Отарбаев.

Фото: Жеке мұрағат

Облыста дзюдоның дамуына үлес қосып жүрген азамат, қолы қалт етсе академиядағы балаларды жаттықтырады. Жұбайы Алма да  қолдау көрсетеді. Спортшылардың  отау құрғандарына биыл 15 жыл болыпты. Жарасымды жұптың өмірлік жолға қадам басып, шаңырақ көтеруіне де себеп болған осы — спорт. Саламат Ақтөбеде туып, өссе, Алма - Маңғыстаудың қызы. Екеуі 2007 жылы Алматы қаласында  оқу-жаттығу кезінде танысады. 

"Бір жерде жаттығу жасадық. Ол кезде Қазақстанның құрама командасындағы ұл-қыздар бірге жаттығу жасайтын. Сол жерде Алмамен таныстым. Ұнатып, бірден шешім қабылдадым. 2009 жылы отау құрдық. Қазір шүкір", - деді Саламат Отарбаев. 

Фото: Жеке мұрағат

Спортшының жұбайы Алма да жеті жасынан бастап дзюдомен шұғылданған. Отбасындағы төрт қыздың барлығы да дзюдодан жетістікке жеткен, спорт шеберлері.

"Спортқа барғаныма өкінбеймін. Қазір ата-анама рахмет айтамын. Жалпы отбасымда ұл жоқ. Содан болар әкем төрт қызын да спортқа берді. Жаттығу оңай болмайды. Сондай кезде әкеме "неге бізді биге бермедіңдер, неге ұлдардың спортына бердіңдер" деп ренжитінмін. Сонда әкем "менде ұл жоқ. Көшеде біреулер тиіссе сендер билеп жүресіңдер ме? Әкелеріңді кім қорғайды?" деп әзілдейтін. Ал қазір осы спорт түріне берген ата-анама рахмет айтамын. Дзюдоның арқасында ел, жер көрдік. Республикалық, әлем чемпионаттарына қатыстық. Қазір төртеумізде спорт шеберіміз", - дейді Алма Жарманова.

19 жасында Ақтөбеге келін болып түскен Алма, үлгілі отбасы болу үшін ең алдымен сыйластық болуы керектігін айтады. Ер балаларша спортпен шұғылданып, түрлі жарыстарда орын алып жүрген қыз келін болып түскенен кейін үй шаруасына бірден үйреніп кете қоймағанын  да жасырмады. Ал қазір ата-енесімен бірге тұратын Алма қазір отбасының ұйытқысы болып отыр. Балалары облыстық, республикалық сайыстарда топ жарып жүр. Өңірде өтетін отбасылық жарыстардан да Отарбаевтар отбасы тыс қалмайды. Әлеуметтік желіде де белсенді.

"Жұбайым инстаграм парақша ашып, балалармен бірге жаттығу жасап жатқанымыз, өзге де видеоларды салып қоятын. Алғашқы кезде мен бұған қарсы болдым. Кейін желі қолданушыларының тарапынан жақсы пікірлер айтылды. Егер біз көпке үлгі болсақ, жақсы нәрсені насихаттасақ неге шығармасқа деген ой келді. Жалпы мен қолым сәл босаса, уақытты балалармен өткіземін. Себебі ата-ана балаға үлгі. Олар ертең есейеді. Бірі әке, бірі ана болады. Біз оларды жақсы дүниеге баулуымыз керек. Отбасының сыйластығы ең маңызды нәрсе", - дейді Саламат Отарбаев.

Фото: Жеке мұрағат

Спортшы ата-ананың ен­дігі арманы – балаларына жақсы тәр­бие беріп, өздері жетпеген жетістікке жеткізу. Балаларының  Олимпиада чем­пионы атанса деген тілегі бар.

Кәмшат Қопаева

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz