Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Санжар Хамитов АҚШ-тың Bowdoin университетіне "Жер туралы ғылым" мамандығы бойынша оқуға шақырту алды. Ол бұл оқу орнына шақырту алған алғашқы қазақстандық болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл университетке шақырту алу үшін жоғары сынып оқушылары арнайы емтихан тапсырады. SAT Reasoning емтиханының қорытындысы бойынша Санжар Хамитов 1520 балл, ал IELTS-тан 8,5 балл жинаған. Оның географиядан халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері де ескеріліпті.
Ол әлемнің 54 елінен келген 216 оқушы арасында IGeO бойынша абсолют бірінші орын алған. Бұл Санжардың осы университетке оқуға түсуіне ықпал еткен.
Санжар қазір 12-сыныпта оқып жатыр. Мектепті аяқтаған соң жоғарғы білім алу үшін АҚШ-тың Bowdoin университетіне жол тартады. Бұл оқу орны АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Мэн штатында орналасқан. Бұл жерде Санжар оқып қана қоймай, аймақтағы жартасты жағалауларды, теңізді, шыршалы гранит аралдарды зерттеуді жоспарлап отыр.
"Бұл - қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша білім беретін әлемдегі ең үздік университет. Сондықтан осы оқу орнын таңдадым. Оқу орнында жер туралы ғылым бойынша көптеген бағдарлама бар. Студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Гренладния мен Исландияға жібереді. Сонымен қатар, Bowdoin талапкердің қаржылық жағдайына (need-blind) қарамайтын, тек білім мен жетістіктерге қарайтын АҚШ-тың жеті университетінің қатарына кіреді. Мен мұнда түскен жалғыз қазақстандықпын", - деді Санжар Хамитов.
Сондай-ақ, Bowdoin College оқу ақысын, жатын орнын, тамақтану және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Бұл үшін жылына 80 000 АҚШ доллары көлемінде грант бөлінеді.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!