- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбелік оқу орындарында...
Ақтөбелік оқу орындарында бомба барын айтқан 10-сынып оқушысы сотталды
Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген оқушыға Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соты үкім шығарды. 10-сынып оқушысының 6 айға бас бостандығы шектелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылғы мамырда Ақтөбе облысы полиция департаментінің электрон мекенжайына жоғары оқу орындарының ғимараттарына жарылғыш құрылғылардың қойылғаны туралы хабарлама түсті. Бұл мекенжайларға дереу барлық шұғыл қызмет, сапер мен қызметтік итпен кинолог жіберілді. Оқу орындарының персоналы мен оқушылары эвакуацияланды.
Тексеру барысында жарылғыш заттар табылған жоқ.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысын анықтады.
Оқушы өз кінәсін мойындады. Полиция қызметкерлері оның компьютерін тәркіледі. Сонымен қатар, бұл оқушы осындай электрон хатты Көкшетауға да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлағаны анықталды. Биыл мамырда Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотымен үкім шығарылып, кәмелетке толмаған күдікті кінәлі деп танылды. Оған қатысты 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек