Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көктау ауылындағы Наурыз мерекесінде ақтөбелік көпбалалы ана кір тасын көтеріп, көпшілікті таңдай қақтырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Наурыз мерекесін Көктау ауылының тұрғындары ерекше тойлады. Киіз үй тігіліп, Наурыз көже дайындалған. Ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылған. Жігіттер арқан тартып, білек күшін сынасса, қыз-келіншектер де қалыс қалмаған. Төрт баланың анасы Әлия Досаналина әйелдер арасында кір тасын көтеруден бас жүлде иеленді. Ауылдың шаруасын атқарып жүрген Әлияға жарыс аса қиын болмапты.
"Наурыз мерекесінде ұйымдастырылатын сайыстардан қалмаймын. Былтыр қол күреске қатыссам, биыл кір тасын көтердім. Шынмды айтсам, бұл сайысқа қатысамын деген жоқпын. Аяқ асты бағымды сынап көрейін деген ой келді. Екі минутта 8 келі болатын кір тасын 60 рет көтердім. Негізі уақыт берілмегенде бұдан да көбірек көтеруге болатын еді", - дейді Әлия.
Сайысқа қатысқан басқа әйелдерді шаң қаптырған Әлия бас жүлдеге ие болып, Ақтөбе мыс компаниясының арнайы сыйлығын алды. Әлия ауылдағы балабақшада жұмыс істейді. Күйеуі де қарапайым шаруа. Ол ауыл ішінде ұйымдастырылатын ұлттық сайыстардан қалмайтынын айтады. Әсіресе, бірлік пен татулықты насихаттайтын Наурыз мерекесін көктаулықтар ерекше тойлайды екен.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!