Бота Қартбаева өзінің "о дүниелік болғанын" 2022 жылы қаңтарда кездейсоқ білген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, тәртіп сақшысының салғырттығынан 38 жастағы Бота Қартбаева "өлдіге" саналған. Учаскелік инспектордың қатесінен әйел жол-көлік оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың базасына енгізіліп кеткен.
Себебі 2021 жылы көпбалалы анамен тегі бірдей әйел жол апатынан көз жұмыпты. Ал марқұмның қолында жеке куәлігі болмағандықтан, полиция қызметкері куәгерлердің сөзімен хаттама толтырған. Екі жыл бойы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған көпбалалы ана біраз уақыт медициналық қызмет те ала алмай келген. Тіпті сотқа дейін жүгініпті.
"Жауапты тұлғалардың міндетін тиісінше орындамауы салдарынан болған дерек анықталып, жойылды. Қазір әйел мемлекеттік базада тірі адам ретінде тіркелген. Бұған жауапты барлық кінәлі адам жауапкершілікке тартылады", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент бөлімінің бас маманы Нұрболат Махмұтов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!