- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлеуметтік тауарлар
Ақтөбелік кәсіпкер әлеуметтік тауарларды 450 пайыз қымбаттатып сатқан
Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жеке кәсіпкердің электронды есеп фактурасына анализ жүргізу барысында ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін асыру тәуекелдерін анықтап, істі әрі қарай тексеру үшін өңірлік сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жолдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жеке кәсіпкер қарақұмық жармасының 75 келісін "Жазық Групп" ЖШС-дан 16 450 теңгеге сатып алған (1 келісі 205-248 тг). Артынша жеке кәсіпкер қарақұмысты балабақшаларға 109%-450% сауда үстемесімен сатқан. Мәселен, Ақтөбедегі мемлекеттік №42 "Айналайын" балабақшасына 28 келі қарақұмықты 12 992 теңге, яғни келісін 519 теңгеден сатқан. Мұндағы сауда үстемесі 109,2 пайыз.
Артынша мемлекеттік №17 "Шұғыла" балабақшасына өнімнің 56 келісін 16 192 теңгеден, 135,8 пайыз сауда үстемесімен жеткізген. Одан кейін жеке кәсіпкер қарақұмық жармасының 35 келісін "Саубер" ЖШС-ға сатқан. "Саубер" ЖШС артынша балабақшаларға сатқан. Осылайша қарақұмыққа сауда үстемесі 447 пайызға дейін өсіп, келісі 1356 теңгеден саудаланған.
ҚР ӘҚтБ 204-4 бабына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек. ӘМАТ тауарлары тізбесіне кіретін қарақұмық жармасының сауда үстемесін бірнеше есе өсірген жеке кәсіпкерге ескерту берілді. Ал "Саубер" ЖШС азық-түлік тауарларының барлық тізбегіне баға белгілеу бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның шешімімен өнімсіз делдал деп танылды.
Айта кету керек, қарақұмық жармасының бағасы жыл басынан бері 33,9 пайызға арзандаған. Бұл өнімнің келісі биыл қаңтар айында 304 теңге болған болса, қазір қарақұмық келісінің елдегі орташа бағасы 208 теңге.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина