Ақтөбелік инженер күн энергиясымен жүретін көлік ойлап тапты

Ақтөбелік инженер Владимир Силевич өз қолымен ерекше көлік жасап шығаруды армандаған. Ол ғаламтордағы өнертапқыштардың кеңесіне жүгініп, күннен қуат алатын көлікті гаражында жинап шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол екі айға жуық уақыттан бері Қазақстанды күн көлігімен саяхаттап жүр.

"Бұл техникамды көлік қоятын гаражымда жинап шығардым. Жартылай автоматты, дәнекерлеу құрылғысы мен темір кесетін құрал, қол еңбегімнің нәтижесінде ерекше көлігім әзір болды. Көлік ыңғайлы. Орындығы автокөліктікіндей жайлы. Ішінде көз шырымын алып, ұйықтап алуға да болады. Тіпті жазық далада көлікті тоқтатып, үй іспеттес тұра беруіме де қолайлы", - дейді инженер Владимир Силевич.

Авторлық көлік жасап шығаруға Владимирдың техникаға бала кезден әуестігі әрі инженер-электрон мамандығын игеруі септігін тигізген. Ол күннен қуат алар көлікті әзірлеуге екі ай ға жуық уақыт және екі миллион теңге қаражат жұмсапты. Өнертапқыштың айтуынша, бұл - оның екінші көлігі екен. Былтыр да осындай бір техника жасап, Алматыға жеткен соң кері қайтуға тура келіпті. Ал биыл екінші көлігін даярлап, іске қосты. Көліктің "монтана сервис" деген жазуы бар. Сырт пішіні өзгеше болғанымен, бұл техника жеңіл автомобильге өте ұқсас: рөлі, басқыштары, дөңгелектері бар. 

"Тұрғындар менің көлігімі көргенде, ереше таңырқай қарайды. Ұялы телефонға түсіріп, "бұл не?" деп сұрап жатады. Ал полиция қызметкерлері менің көлігімді тоқтатып, фотоға түсіріп, одан кейін жолымды бөгемейді", - деді өнертапқыш.

Владимир Силевич күн көлігімен биыл бүкіл Қазақстанды аралап шығуды жоспарлап отыр. Бір адамға шақталған көліктің төменгі бөлігінде азық-түлік қояр орын да бар екен.

Сонымен қатар, бұл сапарына дейін ерекше көлік иесі күн көлігімен жүретін техника жарысына қатысып, екінші орын алған. Ол жарыста Ресей мен Қазақстаннан 10 құрастырушысы бақ сынасқан. Владимир Силевич алдағы уақытта көлікті жетілдіргісі келетінін айтып, батареясын көбейтіп, желден қорғану мүмкіндігін молайтуды көздеп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!