Зүлфия Сүлейменова экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Ол Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Жас шенеунік еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастаған.
Ол 2020-2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. 2021 жылғы қаңтардан бастап VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Ал 2022 жылы наурызда экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметінде Серікқали Брекешев болған еді.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Серікқали Аманғалиұлы Брекешев Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!