- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеге Ұлттық қордан...
Ақтөбеге Ұлттық қордан мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 24 млрд-тан астам теңге бөлінді
Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста мемлекеттік және үкіметтік бағдарларды, соның ішінде «Нұрлы жол», «ЖЖК-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбе облысының қаржы басқармасының басшысы Алтын Дәулетова 2016 жылы өңірге Ұлттық қордан 24 млрд-тан астам теңге бөлінгендігін хабарлады.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 65 жобаны жүзеге асыру үшін 18 млрд теңге бөлінді, соның ішінде білім саласының әлеуметтік құрылымын дамыту аясында 10 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық, Заречный-3 ауылындағы 600 орындық, Кірпішті ауылындағы 320 орындық орта мектептер, Қарғалы ауылындағы 320 орындық балабақша пайдалануға берілсе, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы 600 орындық, «Батыс-2» тұрғын үй алабындағы 320 және 600 орындық, Нокин ауылындағы 320 орындық, Сазды ауылындағы 600 орындық мектептер кіретін 5 нысанның құрылысы 2017 жылы аяқталмақ. Сонымен қатар «Батыс» шағын ауданындағы 320 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде.
Құны 8,6 млрд теңге тұратын 39 жобаны жүзеге асыру инженерлік-коммуникациялық инфроқұрылымдарды дамытып, орналастыруға мүмкіндік береді, тағы 4 млрд теңге жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін қалпына келтіру бойынша 13 жобаға бөлінді.
«ЖЖК-2020» бағдарламасы бойынша өндірістік инфроқұрылымдарды дамыту аясында жалпы құны 2 млрд теңге болатын 3 нысанның құрылысы жоспарланды. «ЖЖК-2020» бағдарламасы бойынша 6 178,4 млн теңге бөлінді, бұл қаржыға еңбек жастарына арналған жатақхананың құрылысы басталды, 112 әлеуметтік нысанның ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
- Ұлттық қордан «Нұрлы жол», «ЖЖК-2020» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру үшін бөлінген қаржыны игеру мәселесі үнемі бақылауда болуы тиіс. Біз әрбір мемлекеттік бағдарламаны барынша тиімді пайдалануымыз керек,-деді облыс әкімі мемлкеттік органдардың басшылары мен аудан әкімдеріне қарата айтқан сөзінде.
T. Кіршібаев