Ақтөбедегі зейнеткер алаяқтарға ақша аударғалы тұрған жерінен құтқарылды

Ақтөбедегі сауда орталығында бір зейнеткер алаяқтарға ақша аударғалы тұрған жерінен құтқарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарт кісі терминалдың қасында 1,3 миллион теңге жібермек болған. Телефон арқылы сөйлескен әйел оған айналасындағылар сұраса: "Қызымa ақша аударып жатырмын де", – деп нұсқау беріп тұрды. Өзін "Тамара" деп таныстырған бейтаныс дауыс иесі зейнеткерді сендіріп отырған.

Зейнеткер қатты абыржып, асығып тұрды. Полиция қызметкерлері оның жанынан өтіп бара жатып, мұның алаяқтық екенін түсіндірмек болды. Бірақ ер адам телефонды жібермей, ар жақтағы "Тамараға" сеніп қала берді. Кейін әңгімеге оның "ұлы" мен өзін "полиция" деп таныстырғандар қосылып, ақша аударуға итермелеген.

Бірнеше күн бойы қарт кісіге бейтаныстар қоңырау шалып, "жинаған ақшаң жоғалады" деп қорқытқан. "Құтқару үшін" депозиттен шешіп алып, "қауіпсіз есепшотқа" аударуды талап еткен. Ол солай істеп, қолма-қол ақшамен терминалға барған. Аударым тек соңғы сәтте ғана тоқтатылды.

Полиция алаяқтар өте дөрекі әрі арсыз тәсілдер қолданады, әсіресе қарт адамдарды алдап-арбайтынын айтты. Ешбір шынайы полицей азаматтардан ақшаны "қорғалған есепшотқа" аударуды талап етпейді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз