Ақтөбедегі тұрғын үйде жарылыс болды: оқиға орнынан кадрлар тарады

Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйде орналасқан кафеде жарылыс болды, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz cайтына сілтеме жасап.

Желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар тарады. Видеодан ғимарат үстіне көтерілген түтіннің алыстан байқалатынын көруге болады.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Алтын Орда аумағындағы Тәуелсіздік көшесінде болған. Жарылыс бесқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде болғаны хабарланды.

Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері жиналған. Кадрларда зақымданған автокөлік те көрінеді. Ол ғимараттың жанында тұрақта тұрған болуы мүмкін.

ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тәуелсіздік көшесі, 14/1 мекенжайындағы тұрғын үйде орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылған. Соның салдарынан жапсарлас тұрған құрылыс бөлігі құлап, артынша өрт шыққан. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезелері зақымданған.

«Оқиға орнына облыстық ТЖД қызметкерлері мен техникасы дереу жетті. Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Оларды жедел медициналық жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізді», — делінген ТЖД хабарламасында.

Оқиғаның салдарын жоюға ТЖД-ның 40-тан астам қызметкері мен техникасы жұмылдырылған. 

Қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget