Ақтөбедегі спорт мектебі оқушысының өлімі: сот шешімі шықты

Ақтөбедегі Есет батыр атындағы спорт мектебінің 8-сынып оқушысының өліміне қатысты іс бойынша оқушы мен студентке сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға қалай болған?

Сот мәліметінше, биыл 11 сәуірде Қ.Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті осы оқу орнының еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының тәртіптері мен спорттағы нәтижелерінің нашарлауына байланысты жиналыс ұйымдастыру қажет деп шешкен. Сол күні кешкі жаттығудан кейін 8-сыныптардың оқушыларына мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бөлмесіне жиналу қажет екенін айтқан. Ал оларды жинауды Ж-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған.

Ж. сотталушы Қ-пен ойы бір екенін білдіріп, сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауға қатысқан. Кейін бөлмеге Қ. келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық, физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, Ж-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұрып өтуге нұсқау берген.

Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.ға 8-сынып оқушыларын жай ұрғандарын айтып, қайта қаттырақ ұруды талап еткен. Олар қайта 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан.

"Кейін Ж. 8-сынып оқушысы Ә-ге келіп, оның екі бетінен алақанмен ұрып, онымен тоқтамай, екі иығынан екі қолымен ұстап, оң тізесімен Ә-нің төс бөлігіне соққы жасап, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген. Соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған", - деп жазылған хабарламада.

Тараптардың ұстанымы

Сот отырысында прокурор сотталушы Ж-ға 6 жыл 8 айға, Қ-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал олардың қорғаушылары Қ-ны ақтауды, ал Ж-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады.

Сот шешімі

Сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын сотталмағанын, сотталушы Ж-ның кәмелет жасқа толмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Еске салайық, оқиға 11 сәуірде болған. Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектебінің сегізінші сынып оқушысы оқу орнында есінен танып, жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!