Ақтөбеде автогаз құю станциясының аумағында көлік өртеніп, үш адам қаза тапты. Олардың екеуі - кәмелетке толмағандар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 19 маусымда болған. Сағат 22:55-те 112 пультіне Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында көлік өртенгені туралы хабарлама түскен.
Өрт хабарлама түскеннен кейін 8 минут өткен соң, сағат 23:03-те толық сөндірілді. Өртсөндірушілер жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеген.
Өртті сөндіру кезінде көлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың екеуі - кәмелетке толмаған балалар. Тағы бір адам зардап шегіп, медициналық мекемеге жеткізілді. Ол ауруханаға жатқызылған.
Оқиғаға Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарын қоса алғанда, ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері және 10-нан астам техника жұмылдырылды.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Бұл дерек бойынша қажет жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз