Ақтөбедегі интернатта мүгедек балаларды ұрып-соққан тағы бір санитарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, ол науқас балаларды ұрып-соқты деп айыпталып, сотталып отыр. Бұған дейін осы интернаттың үш санитары да дәл осындай жаза арқалаған болатын.
Сотта санитар кінәсін бірден мойындаған. Оның науқас бүлдіршіндерге жәбір көрсеткен сәті бейнекамераға түсіп қалған. Видеодан бұл қызметкерлердің науқас балаларды жұдырықтап ұрып, төсекте жатқандарының үстіне жаншып отырып алғаны да анық көрінеді.
Сот процесінде санитар мүгедек балаларды бағу қиын екенін айтып кешірім сұраған.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бүгінде 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы БЦП дертіне шалдыққан немесе ақыл-есі кем бөбектер. Көбінің ата-анасы жоқ. Мемлекет қарауындағы бұл балаларға күш көрсетілгені туралы интернатқа көрші орналасқан сәбилер үйінің басшысы арызданыпты.
"Ақтөбе қаласы №2 сотымен айыпталушы Кубегеновке қатысты қинау айыбы бойынша қылымыстық іс қаралды. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - дейді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Әсем Ахмет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!