- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбедегі екі оқушы...
Ақтөбедегі екі оқушы мен мұғалім қаза тапқан жол апаты: жүргізушіге үкім шықты
Ақтөбеде оқушыларды олимпиадаға облыс орталығына жеке көлігімен жантүршігерлік апатқа ұшырап, адам өліміне әкеліп соқтырған мұғалім кінәлі деп танылып, жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
11 наурызда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 26 жастағы мұғалімге қатысты үкім шығарды.
Өткен жылдың 19 желтоқсанында Темірастау орта мектебінің мұғалімі сол мектеп директорының орынбасарымен бірге бес баланы өз көлігімен пәндік олимпиадаға апарған. Олардың арасында сотталушының туған әпкесі де болған. Жолда Toyota жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан директордың орынбасары мен екі жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Соның ішінде жүргізушінің әпкесі де бар. Тергеу анықтағандай, сотталушы көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен, соның салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алған.
12 наурызда сот 26 жастағы жігіттің соңғы сөзін тыңдады.
"Мен жазаландым. Бұл мен үшін өмір бойы көтеретін сынақ. Тағы да жәбірленушілерден және сізден кешірім сұраймын, құрметті сот. Басқа айтатын ештеңем жоқ", - деді сотталушы соңғы сөзінде.
Прокурор соттан кінәліні 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру және 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінің санкциясында 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сот сотталушының жас балалары бар екенін, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын, кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін назарға алды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Жаза тағайындау кезінде сот Қылмыстық кодекстің 55-бабының талаптарын ескерді. Оған сәйкес, жауаптылықты жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаның негізгі түрінің мерзімі мен мөлшері белгіленбейді. Орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін баптың санкциясында көзделген жазаның ең жоғары мерзімі мен мөлшерінің ½ бөлігінен асуы. Соттың үкімімен Ш.-ға 7 жыл көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшылығына мектеп оқушыларының ілесіп жүрмеуі үшін және Ақтөбе қалалық білім бөліміне аудандық білім басқармасы тарапынан бақылаудың жоқтығы үшін 2 жеке қаулы шығарылды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде олимпиадаға бара жатқан оқушылар мен мұғалім қаза тапқаны жарияланған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы