Ақтөбеде екі кісі өлтіру оқиғасы болған түнгі клуб директоры ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі полицияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қос кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр, қылмыстың қатысушылары ұсталып, қамауға алынған.
"Осы қылмысты жасады деген күдікпен 13 күдікті ұсталды, оның ішінде аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабарламағаны, сондай-ақ, уақтылы медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар қолданбағаны үшін түнгі клуб директоры ұсталды", - деді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Бұл клубтың лицензиясының күшін жою және оны жабу туралы сотқа талап енгізілетіні белгілі болды. Сонымен қатар, қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында алдағы уақытта Полиция департаментінің бастамасымен барлық көңіл көтеру орнындағы азаматтардың қауіпсіздігінің сақталуы, лицензиясы бар күзеттің тартылуы тексеріледі.
Еске салайық, 26 қазанда Елек өзенінің жағасы Нокин көшесіндегі "Оазис" монша кешені маңынан зорлық-зомбылық белгілері бар екі адам өлі табылған еді. Кейін Telegram-арналарда ер адамдардың екі жігітті аяусыз ұрып-соғатыны көрінетін видео пайда болды. Роликтердің бірінде қылмыс Ақтөбеде, ойын-сауық орындарының бірінде жасалғаны айтылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!