Ақтөбеде бір жасар сәбидің өліміне қатысты құрылған комиссия қорытындысын жариялады. Олар жауапты мекемелер тарапынан тиісті бақылау болмағанын мойындағанымен, бұл жағдайға тек ата-анасы кінәлі деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Осыдан бір апта бұрын Ақтөбеде ішкілікке салынған отбасының бір жасар баласы шетінеп кеткені белгілі болды. Оның мәйітін волонтерлер тапқан. Ал ата-анасы сәбиін жерлемеген болып шықты. Шетінеген сәбимен бірге сол үйдің ашқұрсақ жүрген төрт жасар баласы да табылды. Кейін тергеу кезінде бұл отбасының бірнеше жыл бұрын тағы бір баласының шетінегені анықталды. Ол да ауырып қайтыс болған екен.
Учаскелік дәрігерлер бұл отбасының үнемі көшіп-қонып жүретінен айтып отыр. Сондықтан балаларына екпе де салынбаған.
Ал қамқоршы комиссиясы мен тәртіп сақшыларының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тексеруге қатысты нақты ереже жоқ екен, заң жүзінде балалардың жағдайын қадағалап тұру тәртібі нақтыланбаған. Балалар құқығына жауапты уәкіл сол себепті "ешкімді жазалай алмаймыз" дейді.
"Біздің қателігіміз бар. Оны мойындауымыз керек, мемлекеттің қарауында болуға тиіс. Ол шарт және ол қамқорлық әлсіз тұстары бар екенін көріп отырмыз. Осы оқиға - соның дәлелі", - деді Ақтөбе облысы балалар құқығын қорғау уәкілі Еділ Аймағанбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!