Ақтөбеде бір жасар сәбидің өліміне қатысты анасы тергеліп жатыр. Тәртіп сақшылары бүлдіршіннің шетінеп кетуіне ішкілікке салынған келіншек кінәлі болуы мүмкін деп күдіктенеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Кәмелетке толмаған балаға қатысты сот медициналық сараптамасы тағайындалып, қорытындысы бойынша жүректен қайтыс болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша баланың анасына қатысты ҚК 140-бабы кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндетті орындамау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Телеарна мәліметінше, 34 жастағы келіншектің шетінеген сәбиінен бөлек тағы үш баласы бар. Оның екеуі балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Әйел ана құқығынан айырылған.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болғаны хабарланған еді. Волонтерлер ішімдік ішетін отбасының үйіне барып, 1 жасар бала қайтыс болғанын, оның қасындағы 4 жасар ағасының аш құрсақ жүргенін, сонымен бірге мас ересектерді көрген. Үйдің астан-кестені шыққан, ішерге тамақ болмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!