Екі ел азаматтығы болып, екі елден зейнетақы алып жүрген зейнеткер мемлекетке 11 миллион 800 мың теңге қайтаруға міндеттелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.
Тұрғын 1995 жылы Қазақстанда зейнетке шыққан. Ал 2000 жылы Ресей азаматтығын алып, сол жылдан бастап көрші елден де зейнетақы алып жүрген.
Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері бұл жайтты білгеннен кейін қарияға берілетін зейнетақыны тоқтатып, бұған дейін берілген зейнетақыны қайтаруды талап еткен. Қайтару қажет қаржы сомасы 11 миллион теңгеден асқан. Алайда зейнеткердің өкілі екі елдің азаматы болу ақшаны қайтаруға себеп бола алмайтынын айтып, соттан талап қоюдың ескіру мерзіміне байланысты талапты қабылдамауды сұраған.
Іс Хромтау аудандық сотында қаралған. Сот зейнеткердің әрекетін заңсыз деп танып, мемлекетке 11 миллион 800 мың теңгені қайтару туралы шешім қабылдаған. Жауапкер аудандық соттың шешіміне қарсы шығуға тырысқан, бірақ облыстық орган оны өз күшінде қалдырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!