Ақтөбеде зейнеткер АҚШ-тың отставкадағы әскери офицерімен сөйлесіп жүрмін деп ойлап алданған

Ақтөбеде зейнеткер АҚШ-тың отставкадағы әскери офицерімен сөйлесіп жүрмін деп ойлап алданған
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде зейнеткер әлеуметтік желіде танысқан адамға сеніп, 1 миллион теңгесінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

62 жастағы әйел әлеуметтік желілердің бірінде өзін АҚШ-тың отставкадағы әскери офицері ретінде таныстырған шетелдік азаматпен сөйлескен. Біраз уақыт хат алмасып, сенімге кірген ер адам әйелге жылы сөздер айтып, болашақта кездесуге уәде берген.

Кейін ол уақытша қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, қарызға ақша сұраған. Сондай-ақ, жақын арада өз қаражатын алған соң және Қазақстанға келген кезде ақшаны толық қайтаратынын айтқан. Оның сөзіне сенген зейнеткер бірнеше аударым арқылы алаяқтың есепшотына 1 миллион теңге жіберген.

Алайда күдікті ақша қолына тигеннен кейін байланысын тоқтатқан, ал әйел алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

"Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деді Ақтөбе облысы ПД өкілі.

Айта кетейік, интернет алаяқтар әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жалған парақшалар ашып, өздерін шетелдік әскери қызметкер, дәрігер, инженер немесе кәсіпкер ретінде таныстыруы мүмкін. Олар алдымен сенімге кіріп, кейін түрлі сылтаумен ақша сұрайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget