- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде заңсыз әрекеттер...
Ақтөбеде заңсыз әрекеттер жасаған нотариус лицензиясынан айырылды
Ақтөбеде заңсыз нотариаттық әрекеттер жасаған нотариус лицензиясынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе облысының прокуратурасы нотариустардың қызметінде атқарушылық жазбаны жасау кезінде заңдылықты сақтауына тексеру жүргізді.
"Нотариат туралы" Заңға сәйкес атқарушылық жазба борышкердің тіркелген жері немесе тұрғылықты жері бойынша жасалады. Егер борышкер заңды тұлға болса, онда оның тіркелген жері бойынша немесе оның тұрақты органының орналасқан жері болып табылады.
Мысалы, 2022 жылы нотариустардың бірі борышкер А-дан бір микроқаржы ұйымының пайдасына 50 мың теңгеден астам соманы өндіру туралы атқарушылық жазба берген.
Материалдарды зерделеу барысында борышкер А-ның Атырау қаласында тұратыны және тұрғылықты жері бойынша тіркелгені, ал несие беруші микроқаржы ұйымы Қарағанды облысында орналасқаны анықталды.
Заң талаптарын бұза отырып, бұл нотариус өндіріп алушы, борышкер және нотариус әртүрлі қалаларда тіркеуде тұрғанда 2 мыңнан астам атқарушылық жазбаларды жасаған.
Облыстық прокуратураның қадағалау актісіне сәйкес Әділет министрлігі оны нотариус лицензиясынан айыру туралы талап арыз берді.
Ақтөбе облыстық сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен нотариус нотариаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина