Ақтөбеде өмірде жоқ адамға үкім кесілді. Өйткені күдікті тергеу кезінде асылып өлген. Соған қарамастан, марқұмның туыстары оны атын ақтап алмақшы болып сотқа арызданған. Алайда сот марқұм жігітті кінәлі деп таныды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Күдіктінің абақтыда суицид жасауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған еді. Алайда туыстары жалғыз ұлының жауыздыққа барғанына сенбеген.
Ата-ана екі адвокат жалдап, соттың өтуін талап еткен. 23 жастағы жігітке ол кезде ауыр айып тағылған. Прокурорлар оны 35 жастағы әйел пен оның ұлын пышақтап өлтірді деп айыптады. Яғни тура бір жыл бұрын күдікті екінші қабаттағы пәтерге балконнан кіріп, ұйықтап жатқандарға пышақ сұққан.
Қанды қылмыстан аман қалған 13 жастағы қыз қансырап жатса да, құтқарушыларға хабарласып көмек сұрайды, тек сол ғана аман қалды. Бұл қылмысты жасаған жігіт тергеу кезінде өзіне қол салды. Сотта оны кінәлі деп танығанымен, ешқандай жаза тағайындалмады. Өйткені оны өтейтін адам да қайтыс болған.
"Сот үкім етті. Елеуов Қылмыстық кодекстің 192-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағымен, 99-бабы, 2-бөлігі және 1 және 14-тармағы, 99-бабы 3-бөлігі, 24-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін жаза тағайындалмай, кінәлі деп танылды", - деді Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Жәнібек Сейітжапаров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!