Ақтөбелік полицейлер бейнекамералардың көмегімен пәтер ұрысын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шілде айының соңында белгісіз біреу Ақтөбе қаласындағы жер үйлердің біріне терезе арқылы кіріп, бірнеше алтын бұйым мен ноутбукті ұрлаған. 59 жастағы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеден асты.
Осы дерек бойынша криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында қаладағы бейнекамералардың жазбалары мұқият тексеріліп, күдіктінің таксиге мінгені және қаладағы ломбардтардың біріне барып, ұрланған алтын бұйымдарды тапсырғаны анықталды.
Жедел шаралар барысында күдіктінің жеке басы анықталып, оның бұрын пәтер ұрлықтары үшін сотталған 37 жастағы БҚО тұрғыны екені белгілі болды. Осы қылмысты жасағаннан кейін ол Орал қаласына бой тасалаған.
БҚО полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар барысында тамыз айында күдікті ұсталып, Ақтөбе қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар алынды. Тергеу жүргізілуде.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!