- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Колониядағы өмір
Ақтөбеде түрме тазалығына қатысты шағым айтқандар тергелетін болды
Ақтөбедегі қатаң тәртіптегі түрменің тазалығына қатысты шағым айтқандар тергелетін болды. Себебі жазасын өтеушілер қолдануға тыйым салынған ұялы телефон арқылы колония ішін камераға түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл халық арасында "алтыншы түрме" аталып кеткен Ақтөбедегі №8 түзету мекемесі. Сотталушылар "тарақан мен тышқан қаптап жүр" деп шағым айтады. Ас ішетін темір ыдыстары да көңілден шықпайды екен. Пластик терезелер жабылмай, қара суықта тоңып отырмыз деп, бейнекамераға түсіріпті. Бірақ түрме басшылары түзету мекемесі "демалатын шипажай емес" деп отыр.
Әр бөлменің тазалығына сотталушылардың өзі жауапты дейді. Оған қоса, еден мен басқа да түрме заттарын сотталушылар қасақана бүлдірген көрінеді. Әйтсе де түзету мекемесінің ғимараты ескіргенін растайды. 1957 жылы салынған түрмеге жөндеу жүргізу жағы қарастырылып жатыр. Қазір бұл түрмеде 900 адам жазасын өтеп жатыр.
"Көрсетілген видеоны түсіргенде мобильді телефон қолдануға негізі тыйым салынған. Қолдануы, телефон кіргізгеніне қызметтік тергеу тағайындалды. Антисанитарияға сотталғандардың өзі тазалық сақтауы керек. Сотталған азаматтар кестеге сай тазалық сақтауға міндетті", - дейді №8 түзету мекемесінің бастығы Ғазиз Дәулетов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина