- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде тұрғындар төрт...
Ақтөбеде тұрғындар төрт рет өртенген кафені жабуды талап етті
Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары өртеніп кетеміз бе деп қорқып отыр. Өйткені төменгі қабаттағы дәмханадан кейінгі бір жылда төрт рет өрт шыққан. Ал асханадан тарайтын майдың иісі мен түнгі шуға амалсыз көндігіпті. Дәмхана қожайыны қауіпсіздік талаптарын сақтамайды деген тұрғындар тамақтану орнын жабуды талап етіп отыр. Өрт жиі шығатын кафе балабақшаға жапсарлас орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Есет батыр тұрғын үй алабындағы тоғыз қабатты үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Олар төмендегі дәмхананың кесірінен тыныш ұйықтаудан қалғанына да ашынады. Күні кеше дәмханаға жапсарлас салынған көше беттегі асхана мұржасы өртенді. Өртті жылдам сөндіріп үлгерген. Егер сол өрт түнде тұтанса, жүз пәтерлі үй жанып кетпегенмен, ысқа тұншығар ма едік деп шошып отыр. Ең сорақысы, бұл дәмханадан өрт төртінші рет шығып отыр.
"Өртенетін болса мына үйдің бәрі кетеді. Анық кетеді. Мына жерде газ тұрба тұр. Ол бірінші рет емес, төртінші рет болып жатқасын бәріміз шығып жатырмыз. Адамның да шыдамы болады ғой. Шыдам таусылды шыны керек", - деді Абзал Биранов.
Былтыр төтенше жағдайлар басқармасы айыппұл салған.
"Біз оның зардабын көріп жатырмыз. Түнде үреймен ұйықтаймыз, шыны керек. Мына нәрсенің барлығын көріп тұрсыз ғой, қырық жамау. Адам осындай құрылыс сала ма? Біздің басты талабымыз осы - жапсын!" - деді Гүлназ Қайдасова.
Кәсіпкер шағын дәмхана ашуға әкімдіктен төрт жыл бұрын рұқсат алған. Бірақ оның аумағын үлкейтіп, жапсарлас құрылыс жүргізуге қолында ешбір рұқсат қағазы жоқ болып шықты.
Шенеуніктер тексеріске енді кірісетінін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова