Ақтөбеде тұрғындар салынып біткен үйлеріне кіре алмай жүр

Ақтөбеде тұрғындар салынып біткен үйлеріне кіре алмай жүр
Фото: Кәмшат Сексенбайқызы

Ақтөбе іргесіндегі Рауан-2 шағынауданының тұрғындары салынған үйлеріне кіре алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жергілікті тұрғындар редакцияға хабарласып, шағымын айтты. Олардың сөзінше, осыдан үш жыл бұрын жер телімін алған. Алайда әлі күнге дейін бұл маңға газ, ауыз су, электр желісі тартылмапты. Халық үйлерін салып қойып, енді кіре алмай жүр.

"Кезекке 2007 жылы тіркелдім, 15 жыл дегенде осы маңнан жер телімін берді. Аудан қалаға тиіп тұр. Қазір 100 шақты үй салынды. Салып жатқандар қаншама? Осы жерді алған кезде қатты қуандық. Себебі қалада пәтер жағалағанша, үй салып алайық дедік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады, әлі күнге дейін инженерлік коммуникация тартылған жоқ. Бармаған жеріміз қалмады. Басшылар нақты қай уақытта инженерлік жүйе жүргізілетінін айтпайды. Ал халық қалада пәтер жағалап жүр", - дейді Ғафу Құламанбаев.

Үй салып қойып кіре алмай жүрген тұрғынның бірі - Бахтияр Сансызбаев. Бахтияр мәселені айтып, қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырған.

"Жер телімі берілгеніне үш жыл болды. Үй салып қойдым. Бірақ ауызсу, газ бен жарық жоқтығынан үйіме кіре алмай жүрмін. Қаншама халық қалада пәтер жалдап босып жүр. Жер алған кезде қуанып, бір бөлмелі пәтерін сатып, екі-үш бөлмелі үй салып алғандар бар. Қазір тағы пәтер жағалап жүр. Пәтер жалдағанша, үй салып алғысы келетіндер көп. Бірақ бәрі инженерлік жүйеге келіп тіреледі. Мәселені айтып жатырмыз. Бірақ шешілген жоқ. Ақтөбеде қыс қатты. Көгілдір отын болмаса жылыту қиын. Ең болмаса жарық пен көгілдір отын берсе екен. Қалғаны ретімен шешілер", - дейді Бахтияр.

Бахтиярдың айтуынша, шағынаудандағы мәселе мұнымен бітпейді. Тұрғындарға берілген жер телімінің үстіне тау қылып қоқыс үйіп тастаған.

"Былтыр үйілген тұрмыстық қалдықты алуға қаржы бөлініп, жұмыс басталды. Алайда қоқыстың шамалы бөлігі алынып, қалғаны сол күйінде жатыр. Жасырып, үстінен құм үйіп қойған. Ал ол жерге тұрғындар үй салуы керек. Үйілген қоқыстан тазартпай құрылыс жүргізу мүмкін емес", - дейді Бахтияр.

Рауан-2 шағынауданы қалаға тиіп тұр. Инженерлік жүйе тартылса, шағынауданның көркейіп шыға келері сөзсіз. Салынған үйлерден бөлек, іргетасын құйып қойғандар көп. Барлығы инженерлік жүйені күтіп отыр. Пәтер жағалап шаршаған тұрғындар мәселені тезірек шешіп беруін қалайды. 

Бұл проблема бойынша Ақтөбе қаласының құрылыс бөліміне хабарластық. Бөлімнің сектор меңгерушісі Байтұрсын Уксукбаевтың айтуынша, бұл ауданға электр жүйесі мен газ жүргізу үшін жобалық құжат жасалып, дайын тұр. Қаржы бөлінсе, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады.

"Ал судың жобалық құжаты жасалып жатыр, биыл сараптамадан өткізіп қоямыз. Осыдан кейін республикалық бюджетке сұраныс беріледі. Барлығы қаржыға байланысты. Қаражат бөлінсе, жұмыс басталады. Мұны біз бірнеше рет шағынаудан тұрғындарына айттық", - деді Байтұрсын Уксукбаев. 

 

Кәмшат Сексенбайқызы

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz