Ақтөбеде танысын өлтіріп, сүйегін қоқысқа тастаған ер адам сотталды

Ақтөбеде қоғамда қызу талқыланған қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап. 

55 жастағы танысын өлтірді деп айыпталған 62 жастағы тұрғын кінәлі танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сонымен қатар, сот оны жәбірленуші тарапқа 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген.

Бұл іс ерекше қоғамдық назарға ілікті. Себебі сотталған адам марқұмның сүйегін үлкен ала сөмкеге салып, қаладағы мектептің маңындағы қоқыс алаңына тастап кеткен. Қанды қылмыс 21 ақпанда болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес сотталған адам танысымен бірге өз үйінде ішімдік ішкен. Кейін жанжал шығып, ер адам қонағына бірнеше рет пышақ сұққан. Соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Үш күннен кейін сотталушы марқұмның сүйегін қаладағы мектептердің бірінің маңындағы қоқыс алаңына тастап кеткен. Оны 11 наурызда аула сыпырушы тауып алған.

Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, бұл әрекетті өз-өзін қорғау мақсатында жасағанын мәлімдеген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!