Ақтөбенің қақ ортасындағы танымал тұлғалар жерленген ескі қорымның іші күл-қоқысқа толып, қараусыз жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаланың қақ ортасындағы қорымның іші зиярат етіп келушілерді шошытып отыр. Аумақта пластик құтылар мен түрлі қалдықтар шашылып жатыр. Тау болып үйілген қоқыстан бөлек, кейбір жерлері өртеніп, қап-қара күлге айналған. Тіпті күрке мен кәуап пісіретін мангалдарға дейін бар. Себебі қорымда түрлі дін өкілдері араласып жатыр. Сығандардың ғұрпында өлген кісінің басына жиналып ас әзірлеп, дұға жасайды. Осылайша, марқұм болған жанды еске алады екен. Орнатылған мангалдар солардікі көрінеді. Ал ескі зираттың бұлай қараусыз жатуы қала тұрғындарының наразылығын туғызып отыр.
"Ақтөбенің Сүт зауыты аумағындағы ескі қорымды көріп, шошыдым. Бұл жерде Бақытжан Қаратаев, Нұрпейіс Байғанин сияқты танымал тұлғалар жерленген. Алайда қорымның іші қоқыстан көрінбейді. Айналаның бәріне қалдықтар шашылып жатыр. Оны кім шашады? Әрине осы жерге келетіндер. Ең болмаса аумақты тазартып қоюға болады ғой", - деді Ернұр есімді тұрғын.
Қорымда түрлі дін өкілдері жерленгендіктен, олар өздерінің ғұрпына сай жөн-жоралғыларын жасайды. Зираттың күтіміне жауапты мекеме өкілі "аумақты тазартамыз" деп сендірді.
"Бұл жерде әр түрлі дін өкілдері жерленген, яғни христиандар да, мұсылмандар да бар. Қазір біз барондармен келісімге келіп жатырмыз. Олар мангалдарды, беседкаларды алып тастайтындарын айтты. "Бір аптаның ішінде бәрін алып, тазартамыз" деп уәде берді, - деді мердігер компания өкілі Әнуар Қожанов.
Ақтөбенің қақ ортасындағы бауырластар зираты саналатын бұл ескі қорымда қазақтың танымал тұлғаларының сүйегі жатыр. Жырау Нұрпейіс Байғанин, дәрігер Халида Маманова, қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев жерленген. Соғыс жылдарында госпитальда көз жұмған солдаттардың да сүйегі осында көмілген. Ақтөбелік ғалымдар "зиратта бұдан да бөлек танымал тұлғалар жатуы мүмкін, әлі де зерттеуді қажет етеді" деп отыр. Сондықтан "мемлекет қорымды ерекше қорғауға алуы керек" дейді.
"Жалпы қазақтың қорымдарында міндетті түрде әулие адамдар, үлкен тарихи тұлғалар жатады. Сол себепті қорымды қорғауға алып, айналасын қоршап, тазартып отыру керек. Бұл жерде мәселе ұлтқа, дінге бөлінуі емес. Жалпы қай ұлттың, қай халықтың, қай діннің болсын тарихи жәдігерлеріне біз өте мұқият және құрметпен қарауымыз керек. Бұл ескіт қорымда Бақытжан Қаратаев, Нұрпейіс Байғанин секілді танымал тұлғалардың жерленуі бекерден бекер емес. Себебі бұл — үлкен қорым, тарихи қорым. Бұл кісілерге дейін де үлкен тұлғалар жерленген. Көбісі белісіз жатыр. Бірақ біз оны белгісіз деп қарамауымыз керек. Оны мемлкет қарауына алуы керек. Заңмен реттелуі керек", - дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсенбин.
Ал қалалық әкімдіктің мәліметінше, ескі моланың айналасы қоршалғанмен әзірге консервация жасалмаған, яғни жабық қорым емес. Бос жер болса, марқұм болған адамды жерлей беруге болады. Әкімдік қорымды жабу туралы мәселені қарастырып жатқандарын жеткізді.
Кәмшат Қопаева
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз