Бүгін, 26 тамызда Самара – Шымкент тасжолының Қобда ауданы Әлия Молдағұлова атындағы ауылының маңында Mercedes жүк көлігі мен Volkswagen Polo соқтығысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға салдарынан көліктегі төрт жолаушы оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші мен бала медициналық мекемеге жеткізілді.
Полиция департаменті жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында екі бала (шамамен 12 және 14 жаста) және екі ересек адам (1974 жылы туған әйел мен 35-40 жастағы ер адам) бар.
Зардап шеккен 28 жастағы ер адам мен бес жасар бала Қобда орталық аудандық ауруханасына жеткізілді, бірақ кейінірек денсаулық сақтау басқармасы бала қайтыс болғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қаза тапқандардың бәрі – бір отбасының мүшесі. Алдын ала мәлімет бойынша, әкесі-шешесі мен үш бала.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысындағы Самара – Шымкент тасжолында аз уақыттың ішінде кісі өлімімен аяқталған үш бірдей жол апаты болды. Барлық жағдайда жүк көліктері мен жеңіл көліктер соқтығысқан. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Олардың арасында футбол турниріне қатысуға тиіс балалар да бар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!