Ақтөбеде еріктілер мас адамдар арасында жүрген бес жасар балаға көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон".
Басылым мәліметінше, 26 сәуірде Zello SOS командасының еріктілері бес жасар балаға көмекке барған. Бала мас ересектер арасында притонға ұқсас пәтерде болған.
"Екі ай бұрын бізге осы бала туралы хабар келді. Ол кезде анасы баланы түні бойы бейтаныс адамдарға қалдырған. Біз полиция, қамқоршылық органдарын шақырып, ананы таптық. Ол жұмыста болғанын айтты, бірақ бұл расталмады. Ол өзінің және баласының құжаттарын жоғалтып алған. Енді мас ересектермен бірге көшеде кішкентай бала жүргені хабарланды. Біз оны танып, сонда бардық. Полиция мен қамқоршылық қызметкерлері шақырылды", - деді ерікті Екатерина Голотина.
Басылым мәліметінше, пәтердегі көрініс қорқынышты болған. Онда төрт мас болған, оның екеуі - ер адам, біреуі - беті көгерген әйел, енді біреуі - мас ана.
Пәтерді сасық иіс алып кеткен, үйде арақ бөтелкелері шашылып жатыр, тарақандар өріп жүр. Осындай жағдайдың бәрінің арасында кішкентай бала болған. Бірақ бұл жолы еріктілер баланы алып кетті. Ал әйелдің ана құқығынан айырылған тағы екі баласы бар.
Еріктілер бес жасар бала "Аяла" балаларды қолдау орталығына орналастырылғанын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде осындай отбасылардың бірінен 4 жасар бала табылған болатын, ол қайтыс болған інісін оятып, бірге алып кетуді өтінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!