Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғасы бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша, айыпталушы абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзды деп (ҚК 345-бабының 3-бөлігі) айыпталып, сотқа жіберілген.
Прокурор сотталушыны екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Сот үкімі бойынша, сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыдан жаттықтырушының пайдасына бес миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деді баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, жол апаты 2022 жылдың 17 желтоқсанында болған. Спортшылар волейболдан облыстық жарыстарға бара жатқан. Жеті орындық Toyota Estima көлігінде 11 адам болған, оның тоғызы бала. Көлікті спорт мектебі директорының орынбасары жүргізген. Салонда 21 жастағы жаттықтырушы болған. Жолда көлік аударылып, салдарынан бір бала оқиға орнында көз жұмды, сегіз бала мен жаттықтырушы ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендер ауыр жарақат алды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз