Ақтөбеде спорт мектептерінің басшылары бюджет қаражаттарын букмекерлік кеңселерде ұтысқа тіккен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе облысы прокуратурасының тексеруі кезінде Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджетке түсуге тиіс спорт алаңдары мен залдарды жалға беру қызметі үшін, әуесқой спорт командаларынан алынған қаражатты негізсіз жымқырғаны анықталды.
Соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға арналған шығыстар 2 есеге ұлғайтылған, облыстан республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Спорт мектептерінің басшылары 6 млн теңгеден астам бюджет қаражаттарын заңсыз жұмсаған. Бұл қаражаттарды мектеп басшылары өз қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған.
Сонымен қатар "Ақтөбе" футбол клубы командасының ұшуы бойынша әуе қызметтерін 165 млн теңгеден астам көтеріңкі бағамен бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды.
Барлық дерек бойынша прокуратурамен ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Сонымен қатар тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз