- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде саяжай тұрғындары...
Ақтөбеде саяжай тұрғындары электр бағасы өскеніне наразы
Ақтөбеде 1 наурыздан бастап электр энергиясының тарифі қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа тариф бойынша тұтынушылар килловатына 18 теңгеден төлейтін болады. Бұл былтырмен салыстырғанда 23 пайызға қымбат. Ал саяжайда тұратындар үшін электр энергиясының бағасы екі есеге ұлғайған.
Бүгін қаладағы 25 саяжай ұжымының төрағалары әкімдік алдына жинадып, электр желілерін қалалық әкімдіктің баланысына қабылдауды талап етті. Әкімдік алдына жиналған саяжай төрағалары жанайқайларын айтты.
Олардың айтуынша, бау-бақша ұжымдарында тұратындар қалада тұратындармен салыстырғанда 5-7 теңге көп төлейді. Себебі көшедегі жарық шамдары мен желі бойында болатын шығынды өздері өтейді. Сол себепті саяжай иелері бағаналар мен трансформаторды қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына берілуін талап етеді. Бұған қоса, бағаның өсуі де саяжайда тұратындардың қалтасына салмақ салып отыр.
"Бағаны аяқ асты көтеріп отыр. Бізге төлеу оңай емес. Сондықтан бау-бақша ұжымдарындағы трансформаторлар мен ішкі желілерді тұрғын-үй шаруашылығы мекемесіне немесе "Энергосистема" мекемесінің қарамағына берсе дейміз. Және әрбір тұрғынға жеке шот ашып берсе тиімді болар еді", - деді бау-бақша ұжымы төрағасы Аманғос Құлов.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі басшысы Болат Серіковтың айтуынша, электр желілері мен трансформатордың көбінің құжаты дұрыс емес.
"Сондықтан бірінші құжаттарын реттеуі керек. Жер актісі, техникалық құжаттар дұрыс болуы керек. Содан кейін желілері талапқа сәйкес келетін болса, қабылдаймыз. Бірақ саяжайлардың көшелері тар. Бағаналардың басым бөлігі аулалардың ішінде тұр. Бұларды күтіп, ұстау қиын. Апат болған жағдайда ол жерге көлік бара алмайды", - деді Болат Серіков.
Ал электр тасымалдаушы "Энергоснаб Ақтөбе" мекемесі директорының міндетін атқарушы Рүстем Арыстановтың айтуынша, бағаны өсіру туралы өтініш табиғи монополияларды реттеу департаментіне жолданған.
"Мелекеттік монополияны реттеу комитетіне бағаны 39 пайызға көтеру туралы сұраныс жасадық. Қазіргі таңда 23 пайызға көтерілді. Бірінші наурыздан бастап халықтың төлейтін бағасы 14 теңге 88 тиыннан 18 теңге 61 тиынға өзгерді. Бұл туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан хабарладық. Бірыңғай электр энергиясын жеткізуші мекеме бізге ағаны көтергендіктен, біз бағаны көтердік. Қазіргі таңда көтерген бағаның өзі компанияны шығынға әкеледі", - Рүстем Арыстанов.
Ақтөбе қаласының айналасында 400-ден аса саяжай ұжымы бар. Олардың басым бөлігіндегі электр желілері коммуналдық қызмет меншігіне өтпеген.
Кәмшат Қопаева
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек