- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе облысы
Ақтөбеде Президенттік шырша өтті
Ақтөбеде "Қош келдің, Жаңа жыл!" атты балалар шыршасы өтті. Дәстүрлі Президенттік шыршаға 180 жас ақтөбелік шақырылды.
Бұл - көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда және спортта жетістіктерге жеткен балалар.
Мереке жарқын түстерге толы театрландырылған қойылымнан басталды, онда балалар ертегілер мен мультфильмдердің сүйікті кейіпкерлерімен, Аяз ата мен Ақшақармен кездесті. Сиқырлы атмосфера мен жаңажылдық декорациялар қатысушыларға ұмытылмас сәттер сыйлады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
"Құрметті балалар! Менің сендерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыңдар деп сенемін.
Білім мен еңбек сендерді биік белестерге бастайды. Болашақта ата-ана, ұстаз еңбегін ақтап, халық мақтанышына айналатын саналы ұрпақ, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар, үлкенді сыйлаңдар, Отанымызды мақтан тұтыңдар, сонда біздің еліміз үлкен жетістіктерге жетеді.
Атаның ғана емес, адамның баласы, елдің баласы болыңдар. Әрқашан биік белестерді бағындыра беріңдер", - деп өңір басшысы тілегін жеткізді.
Мерекелік шараны ұйымдастырушылар түрлі байқаулар, әуезді әндер және билерімен ойын-сауық бағдарламасын әзірледі.
Балалар ойындарға белсенді қатысып, мереке туралы өз әсерлерімен қуана бөлісті. Әр балаға сыйлықтар табысталды.
Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина