Ақтөбеде полициядан қашқан скутер жүргізушісі миллион теңге айыппұл арқалады

Ақтөбеде скутер жүргізушісі 10-нан аса мәрте жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

26 қыркүйекте қаладағы басты көшелердің бірінде патрульдік полиция қызметкерлері тоқтау туралы талапқа бағынбаған скутер жүргізушісін анықтаған.

Көлік тізгіндеуге құқығы жоқ жүргізуші полиция қызметкерлерінің талабын елемей, қозғалысын жалғастырған. Осылайша, ол өз қауіпсіздігіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

"Скутер жүргізушісі 10-нан аса жол қозғалысы ережесін бұзған. Бағдаршамның тыйым салынған қызыл сигналына өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққан және өзге де қауіпті құқықбұзушылықтарға жол берген. Бұл дерек бойынша әкімшілік іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен оған 8 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалып, 1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды", - деді Ақтөбе облысы ПД өкілі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!