Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болды. Жоғалған ер адамның отбасы оны іздемек болған, бірақ арыз бергенде ол бірден табылған. Полицейлер ер адамның қайтыс болғанына көп уақыт болғанын және туыстарының хабарынсыз үйсіздерге арналған зиратқа жерленгенін анықтады. Енді 51 жастағы Аман Жақаевтың туыстары бұған кінәлілерді жауапқа тартқысы келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Жанат Иманғалиеваның ағасы Ақтөбенің шетіндегі саяжайда тұрған. Әйелдің айтуынша, ол осында үлкен үй салмақ болған. Бірақ енді оның арманы орындалмайды. 51 жастағы Аман Жақаев жазда қайтыс болды. Ал бұл туралы оның туыстары екі жарым айдан кейін іздеу жариялауды ұйғарған кезде ғана білген.
"Мен полицияға ағамның жоғалғаны туралы арыз жазуға келгенімде учаскелік полиция қызметкері оның тегін сұрады. Кейін маған ағамның суретін көрсетті. Мен оны растадым. Сонда учаскелік полиция қызметкері ағамның 26 маусымда қайтыс болғанын айтты. Мен таңғалдым. Неге олар бізге оның өлімі туралы хабарламады? Полиция бөлімі үйімізден екі аялдамадай жерде орналасқан. Осы уақыт ішінде олар бізге 30 рет келе алатын еді", - дейді марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиева.
Полицияның мәліметінше, Аман Жақаев саяжай аумағындағы Қарғалы өзеніне батып кеткен. Ер адам ажырасып, жалғыз тұрған. Ол жақында жерленген. Ер адамды полицейлер белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған зиратта жерлеген.
"Миға қонбайды. Мал сияқты жерлеген. Кейін зиратқа барып, жерленген жерді таптық. Үйсіз-күйсіз адамдарды бірінен соң бірін жерлейтін жер бар екен. Жай ғана аты-жөні көрсетілмеген, тек сандары бар белгі қоя салады екен", - дейді марқұмның қарындасы Жанат Иманғалиева.
Отбасы ер адамның үйсіз-күйсіздердің арасында жерленгеніне келісуге мәжбүр болды. Бейіт басындағы атаусыз тақта ескерткішке ауыстырылды. Полиция қысқа ақпаратпен шектеліп, пікір білдіруден бас тартты.
"Бұл дерекке байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданатын болады", - деді Ақтөбе облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Марқұмның отбасы қылмыстық абайсыздыққа жол берген полиция қызметкерлерін жазалауды көздеп отыр. Туыстары учаскелік полиция қызметкері Аман Жақаевтың өзі мен туыстарының мекенжайын анықтағанына сенімді. Олар тәртіп сақшылары істі тезірек жабуды көздеп, марқұмды рұқсатсыз жерлеген дейді. Прокурорлар енді бұл іс бойынша тексеріс жүргізетін болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!