Ақтөбеде полиция қызметкері қызметтік қарудан танысына оқ атты. Жарақат алған адам ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 25 наурызға қараған түні болған. Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, құқық қорғау органы қызметкері қауіпсіздік ережелерін бұзып, қызметтік қарудан оқ атқан.
"Оқиға салдарынан оның танысы жарақат алды. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 371-бабы ("Салғырттық") бойынша соталды тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деді ведомство өкілі.
Полиция қызметкері қызметтік міндетінен уақытша шеттетілді, ал тергеу барысы облыстық Полиция департаментінің бақылауында.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жәбірленушінің жағдайы тұрақты, ол ауруханада ем алып жатыр.
"Науқас 25 наурызда оқ жарақатымен түсті. Оған алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді", – деді Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова