Ақтөбеде полиция қызметкері 500 теңгеге өз көлігімен үш ер адамды банк бөлімшесіне апарып тастамақ болған. Бірақ ол нәтижесінде бопсалау әрекетінің құрбаны болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
Ол жолаушылардан сапар ақысын сұрап, полиция қызметкері екенін айтқан. Ал клиенттер одан қызметтік куәлігін тартып алған. Олар бұл құжатты жоғалтқаны үшін қылмыстық іс қозғалатынын айтып, полицейден ақша талап ете бастаған.
Сондай-ақ, клиенттер полиция қызметкерінің телефонын тартып алып, сол арқылы банк қосымшасына кіріп, 50 мың теңгеге онлайн-қарыз ресімдеген. Содан кейін олар полицейді банкоматтан ақша алуға мәжбүр еткен. Ал кейін олар қызметтік куәлікті қайтарған.
Осы жағдайлардан кейін жәбірленуші әрі қазіргі тәртіп сақшысы полицияға арыз берген. Сотта айыпталушылар кінәні мойындады.
Сот 32 жастағы екі бопсалаушының 3,5 жылға бас бостандығын шектеді (жаза үйде өтеледі, бірақ кейбір шектеулермен). Үшінші айыпталушы бұрын сотталған болып шыққан әрі ол жазасын соңына дейін өтемеген, сондықтан ол үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!