Ақтөбеде патрульге пара беруге тырысқан жүргізуші 5 жылға сотталуы мүмкін

Ақтөбеде мас жүргізуші патрульге пара беруге тырысты. Оқиға 27 қарашаға қараған түні болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Патрульдік полиция инспекторы қызмет атқару кезінде "Хундай Элантра" автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушіден алкогольдің өткір иісін байқаған полицей оны медициналық тексеруге жіберген.

Куәландыру нәтижелері тәртіп сақшысының болжамдарын растады. Мас күйінде көлік құралын басқарған 52 жастағы жүргізушіге қатысты құжаттар рәсімдеу кезінде құқықбұзушы хаттама толтырмауды сұрап, инспекторға ақша ұсынған.

Полицей дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырып, пара бергені үшін жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Автомобиль коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізуші қамауға алынды.

Енді ақтөбелік тек мас күйінде көлік жүргізгені үшін ғана емес, лауазымды адамға пара беруге тырысқаны үшін де жауап береді. Оған бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!