Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында жол апатынан екі оқушы мен бір мұғалім көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға Самар-Шымкент тасжолының бойында, Қызылжар ауылының тұсында болған. Апатқа ұшыраған Toyota Alphard көлігінің ішінде 7 адам болған. Оның бесеуі - оқушы. Олар Жаныс би ауылынан Ырғызға олимпиадаға қатысу үшін бара жатқан.
"Алдына ала мәлімет бойынша және куәгерлердің айтуынша, апат салдарынан үш адам қаза болған. Оның екеуі - оқушы, біреуі - педагог. Олар республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысу үшін жеке көлікпен шыққан. Басқарма тарапынан қатысушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бұйрық болды", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Білім басқармасының басшысы оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.
Кәмшат Қопаева
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!