Ақтөбеде мүгедектер арасындағы жүзуден ел чемпионы көмекке мұқтаж

Ақтөбеде мүгедектер арасындағы жүзуден ел чемпионы көмекке мұқтаж
Фото: КТК

Ақтөбеде мүгедектер арасындағы жүзуден ел чемпионы көмекке мұқтаж. Паралимпиадалық ойындардың жүлдегері Михаил Мельник қазір спорттан қол үзген. Ұлттық құрама сапынан шыққан соң сыйақы да ала алмайды. Енді ол мүгедектіктің үшінші тобынынан екінші топқа өзгертуді талап етіп отыр. Елу мың теңге зейнетақы күнделікті азық-түлігіне жетпей отыр деп ашынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тура он жыл бұрын құрылыс алаңында 53 жастағы Михаил Мельниктің аяғына тас плита құлаған. Үгітілген сүйектерін дәрігерлер жинап, салғанымен, кейін іріңдеп, бір аяғын кесіп тастады. Қазір екінші аяғы да ісіп, арбасыз жүре алмайды. Ұядай ғана жатақхана бөлмесінен далаға шықпағалы да көп болыпты. Үшінші топ мүгедегі ретінде алатын 50 мың теңге ас-суыма жетпейді дейді ол. Комиссия жұмысқа жарамсыздығына байланысты тексеруді қайта өткізуді талап етеді.

"Қазір алатын зейнетақым ештеңеге жетпейді. Азық-түлік алсам, ай сайынғы коммуналдық төлемдерді өтей алмай отырамын. Елу мың теңгеге не аламын? Ең болмағанда, екінші топқа ауыстырса, жиырма мың теңгеге зейнетақым өсер еді ғой", - дейді Михаил Мельник. 

Михаил мүгедектер арасындағы жүзуден ел чемпионы. Ұлттық құрама сабында болып ай сайын мемлекеттен 120 мыңдай сыйақы алып келген. Соңғы екі жылда жаттығуға баруды мүлдем қойып, жарысқа да шықпады дейді әріптестері.

"Осы бірінші орын алғаны үшін ол кісіге 40 айлық көрсеткіш тағайындалды 2021 жылы. Сол келесі 2022 жылға дейін алған болатын. Енді әр спортшы жаңағы стипендиясын жалғастырып алу үшін келесі жылға да өз нәтижесін көрсету керек. Республикалық орындар алу керек", - дейді мүгедектерге арналған спорт клубының әдіскері Нұрсұлтан Елеу.   

Спортшының мүгедектік тобын өзгерту үшін учаскелік дәрігері өтініш айту керек. Комиссияға емхана өкілдері келтірген дәлелдері қажет дейді әлеуметтік қызмет көрсетушілер.

"Анатомиялық деңгейіне байланысты үшінші топтағы мүгедектігі белгіленді. Себебі осы жағдайларды кемістік деңгейі бойынша белгіленген қағидаларына сәйкес, тек қана үшінші топтағы мүгедек белгіленеді", - дейді Ақтөбе облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Өлмесеков.

Михаил Мельникке төрт жыл бұрын бір рет протез салып берген. Одан соң өтініш айтпады дейді шенеуніктер. Енді спортшының жайымен өзіміз арнайы айналысамыз деп уәде беріп отыр. Ал мүгедектік тобының өзгеруі немесе сол күйі қалу комиссия қортындысына байланысты болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина