Ақтөбеде мүгедектігі бар ер адам Тургенев көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығындағы лифт жұмыс істемей, соның кесірінен баспалдақпен тізерлеп көтерілуге мәжбүр болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
"Төртінші рет осында тізерлеп шығып тұрмын. Бірінші рет жеке куәлігімді аларда - бір жыл бұрын ауыстырдым, екіншісі - карта ауыстырғанда. Содан кейін анықтама алуға тура келді. Олар үнемі сылтау айтады: лифт жұмыс істемейді. Себеп, сылтау табылады. Арбаны көтеруге мейірімді адамдар көмектеседі. Мен олардың не ойлайтынын білмеймін. Үндеу жасауды жөн көрдім, мүмкін газет арқылы оларға әсер ететін шығар. Жалғыз мен осындай емеспін ғой. Көбі осылай келіп, қайтады", - деді басылымға Ақтөбе қаласының тұрғыны Вячеслав.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы лифт жақын күндері жұмыс істейді деп уәде берді.
"Лифт 2018 жылы орнатылды, қызмет ету мерзімі бес жыл. Ақаулар болды, лифт бұзылып тұрды. Шынжырын ауыстырдық. Лифтке күрделі жөндеу қажет. Қазір оны жүргізіп жатырмыз. Алдағы күндері жұмыс істей бастайды", - деді филиалдың PR менеджері Асылгүл Айдарова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!