- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбеде мемлекетаралық іздеудегі...
Ақтөбеде мемлекетаралық іздеудегі 12 адам ұсталды
Ақтөбеде мемлекетаралық іздеуде жүрген 12 адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе полицейлері өзге елдердің аумағында қылмыс жасаған іздеудегі 12 адамды анықтады. Ұсталғандардың ішінде алты адам шетел азаматы болса, қалғандары Қазақстан азаматтары. Олар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан аумақтарында түрлі қылмыстар жасағаны үшін осы елдердің ішкі істер органдарымен мемлекетаралық іздеуге жарияланған. Іздеудегілер Ақтөбе қаласынан және Ресеймен шекаралас Мәртөк, Қарғалы аудандарының аумақтарынан ұсталды. Ұсталғандардың ішінде аса қатігездікпен адам өлтірумен қатар, қылмыстық заңнаманың қарақшылық, ұрлық, алаяқтық, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру сияқты баптарымен іздеудегілер бар.
Мысалы, 21 қыркүйекте Ақтөбе қаласында полицейлер өз елінде қылмыс жасағаны үшін үш жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының 35 жастағы азаматын ұстады. Шетелдік азамат ұрлық қылмыстарын жасағаны үшін өз елінде бірнеше рет сотталған. 2020 жылы Қарақалпақстан аумағында пәтер ұрлығын жасағаны үшін Өзбекстан Республикасының ішкі істер органдармен іздеуге жарияланып, "қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған. Қазіргі таңда ұсталған шетелдік азамат Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, оны Өзбекстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина